ТҮРКІСТАН: ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІН ДАМЫТУ — НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚ

ТҮРКІСТАН: ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІН ДАМЫТУ — НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚ
Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейту мен ауыл шаруашылығын қайта өңдеуді дамыту мәселесі күн тәртібінен түспей отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Пресса24 тілшісі.
Балық шаруашылығынан бастап тері өңдеуге дейін
Жиын барысында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыстағы балық шаруашылықтарын түгендеп, 231 нысанның барын анықтағанын мәлімдеді. Оның ішінде 164 шаруашылық заңдастырылып, 67-сі бойынша құжаттар дайындалған. Қазіргі таңда тіркеу жұмыстары мен биологиялық негіздемелер әзірленіп жатыр. Бұл — өңірдегі табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған жүйелі қадамдардың бірі.
Су тапшылығы мәселесі бақылауда
«Жасыл аймақ» мекемесіне қарасты барлық ұңғымалар жөнделіп, іске қосылған. Қаладағы және аудандардағы жасыл желектердің уақтылы суғарылуы тұрақты бақылауға алынған. Бұл облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған шара ретінде бағаланды.
Агросектор мен өндіріс: тығыз байланыс қажет
Облыс әкімінің орынбасары аудандардағы агроөнеркәсіптік көрсеткіштерге жеке-жеке тоқталып, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу мәселесінде серпін қажет екенін айтты. Мәселен, Сайрам ауданында жыл сайын 116 мыңнан астам ірі қара, 118 мың ұсақ мал етке өткізіледі. Бұл өңірде тері өңдеу өндірісін дамытуға мүмкіндік зор екенін атап өткен Тұрашбеков, аудан әкімдігіне инвестор тарту бағытында нақты тапсырма берді.
«Мәселе тек Сайраммен шектелмейді. Әр ауданның ерекшелігіне қарай өндірістік бағыттарды дамытуымыз керек. Жергілікті кәсіпкерлерге басқа өңірлердің үлгісін көрсету, мемлекеттік қолдау тетіктері жайлы түсіндіру — бұл жұмысқа серпін береді», — деді ол.
Бос жатқан жайылым мен енжар аудандар сынға алынды
Мәжілісте тіркелмеген мал жайылатын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жайы да қозғалды. Бұл бағытта жұмысты бәсең жүргізіп отырған Сауран, Қазығұрт және Төлеби аудандары сынға алынды. Сонымен қатар, кей аудандардан қайта өңдеу өндірісіне қатысты әлі күнге дейін нақты ұсыныстардың түспегені де жауапты тұлғаларға ескертілді.
Жауапты жұмыс – күнделікті бақылауда
Жиын қорытындысында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеліп, орындаушылар бекітілді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков барлық бастамалар мен тапсырмалар күнделікті бақылауда болатынын қатаң түрде ескертті.
Пресса24 тілшісі.





