Төлеби әкімі ауыл қарияларымен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады

Төлеби әкімі ауыл қарияларымен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады
Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Зағамбар және Тағайна ауылдарына арнайы іссапармен барып, жергілікті қариялармен кездесті. Кездесу барысында елді мекендегі өзекті мәселелер мен тұрғындардың ұсыныс-тілектері талқыланды.
Аудан басшысы ауыл ақсақалдарымен ашық пікірлесіп, елдің жағдайына алаңдаулы азаматтардың ойларын тыңдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.
— Еліміздің бүгіні мен ертеңіне қатысты сіздердің көкейлеріңіздегі ой-пікірлеріңіз біз үшін маңызды, — деді Еркеғали Әлімқұлов.
Ауыл қариялары су қоймасын аяқтау, мектепке апаратын жолды асфальттау, көше жарығын орнату және ауызсу мәселесін шешу қажеттігін атап өтті. Аудан әкімі аталған мәселелерді заң аясында шешу жолдарын түсіндіріп, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылатынын айтты.
Іссапар аясында әкім Шахи Мансур мешітіне де атбасын бұрып, дін қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.





