Түркістан облысында «Созақтан – Түркістанға» атты тарихи-танымдық экспедиция өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Түркістан облысында этнос жастарының қатысуымен «Елтану» мәдени-ағарту жобасы аясында «Созақтан – Түркістанға» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Бұл туралы облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі мәлімдеді.

Экспедицияға «Ассамблея жастарының» белсенділері, Қоғамдық келісім мекемесінің мамандары, журналистер және өңірлік БАҚ өкілдері қатысты. Сапардың негізгі мақсаты — Қаратау жотасын теріскейден күнгейге жүріп өтіп, тарихи бағытты жаңғырту, табиғи және мәдени мұраларды зерттеу болды.

— Бұл жолды кезінде Кенесары хан әскері де пайдаланған. Біз этнос жастарын осы тарихи бағытпен жүріп, Қаратаудың флорасы мен фаунасын зерттеуге, фото-бейнематериал түсіріп, туристік маршрут құруға тарттық. Бұл олардың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттырады, — деді баспасөз орталығы жетекшісі Сәбит Тастанбекұлы.

Экспедиция қатысушылары сапар барысында Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Созақ қалашығын, Қарабура әулие, Шайхы Ахмет мешіті, Хақназар хан, Мұхаммед Ханафия кесенелері, сондай-ақ Қарнақ ауылындағы Тайқазан құйылған орын мен мың жылдық тұт ағашын аралап, соңында Түркістан қаласына жетті. Ұзындығы шамамен 110 шақырымдық жол 2 күнде жүріліп өтті.

— Бұл сапар бізге бұрын білмеген тарихи орындарды тануға, жаңа эмоциялар мен ұлттық құндылықтарға жақындай түсуге мүмкіндік берді, — деді «Turkistan Media Holding» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен..