10 мыңнан астам талапкер грант конкурсына өтініш берді

Қазақстанда 13 шілдеде жоғары оқу орындарына білім беру гранттарын тағайындау конкурсына өтініш қабылдау басталды. Науқан 20 шілдеге дейін жалғасады. Бірінші күннің қорытындысы бойынша 10 мыңнан астам талапкер өз құжаттарын тапсырып үлгерген. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, ең көп өтініш «Педагогикалық ғылымдар» мен «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» бағыттарына түсіп отыр.
Талапкерлер грант конкурсына қатысу үшін өтініштерін екі жолмен тапсыра алады:
— egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн;
— немесе кез келген жақын орналасқан жоғары оқу орнының қабылдау орталығы арқылы офлайн түрде.
Құжат тізімі:
- жеке куәлік;
- ҰБТ сертификаты;
- 3х4 көлеміндегі фотосурет;
- орта білім туралы аттестат немесе колледж дипломы;
- жеңілдік санаты бойынша қатысушыларға — растайтын құжаттар.





