Түркістан: «Jas Keñes Sıylığı» байқауының жеңімпаздарына 1 миллион теңгеден беріледі

Түркістан: «Jas Keñes Sıylığı» байқауының жеңімпаздарына 1 миллион теңгеден беріледі
Түркістанда ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен ұйымдастырылған «Jas Keñes Sıylığı» байқауына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңес мүшесі Озода Маннопова мәлімдеді.
Байқау — еліміздің экономикалық, ғылыми, әлеуметтік және мәдени дамуына үлес қосқан 35 жасқа дейінгі жастарды қолдау мақсатында тағайындалған тәуелсіз сыйлық. Биылғы жылы номинациялар қатары кеңейіп, жас ғалымдар, дәрігерлер, ІТ мамандар, атом және креативті индустрия өкілдері секілді жаңа сала қызметкерлері де қамтылды.
Сыйлық келесі 10 номинация бойынша табысталады:
- Janqıarlyq – ішкі істер және қарулы күштер саласына,
- Altyn jürek – медицина қызметкерлеріне,
- Önerkäsıp – өнеркәсіп саласына,
- Bolaşaq turaly qamqorlyq – әлеуметтік қызметкерлер мен волонтерлерге,
- Bılım jäne Ğylym – білім және ғылым саласына,
- Qaisar – төтенше жағдайлар қызметіне,
- Altyn qol – жұмысшы мамандықтарына,
- Zharyq – энергетика саласына,
- Örken – агроөнеркәсіп саласына,
- Örleu – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандарына.
Байқауға өтінімдер 2025 жылдың 20 шілдесіне дейін қабылданады. Қатысу үшін www.jas-kenes.kz/application сілтемесіне кіріп, онлайн өтінім беру қажет.
Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Маратұлының айтуынша, байқау үш кезеңнен тұрады. Әр номинацияда екі жеңімпаз анықталады. Барлығы 20 жеңімпаз 1 миллион теңгеден сыйақы алады. Жүлде қоры — 20 миллион теңге.





