Түркістандық спортшылар «Ақ бидай» ауыл ойындарына дайындықты күшейтті

Түркістан облысында ауыл спортын дамыту мен ұлттық ойын түрлерін қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Қыркүйекте Алматы облысында өтетін VIII республикалық «Ақ бидай – 2025» ауыл спорты ойындарына өңір спортшылары қызу дайындалуда.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте ұлттық спортты дамыту шаралары мен алдағы жарыстарға дайындық барысы талқыланды. Ол бұған дейін VII ауыл ойындарында жеңіске жеткен Түркістан құрамасының биыл да үздік нәтиже көрсетуі тиіс екенін атап өтті.
Жиын барысында шағын футбол, волейбол, гір көтеру және «Толағай» алыптар сайысына іріктеу турнирлерін ұйымдастыру мәселелері қозғалды.
Айта кетейік, 2021 жылы Ақтауда өткен VII ауыл ойындарында Түркістан облысының командасы 195 ұпаймен жалпы есепте бас жүлдені жеңіп алған болатын. Облыс спортшылары бұл жетістікті қайталауға ниетті.





