Отырарда үш мектепке ауқымды жөндеу жүріп жатыр

Отырарда үш мектепке ауқымды жөндеу жүріп жатыр
Түркістан облысының Отырар ауданында білім беру нысандарын жаңарту жұмыстары қарқын алды. Биыл аудандағы жеті мектепке жөндеу жүргізілуде. Оның ішінде үшеуі толық реновациядан өтіп жатыр, ал қалған төртеуінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ауданға арнайы келіп, жөндеуден өтіп жатқан мектептерді аралады. Шара барысында мердігер компания өкілдерімен және аудандық білім бөлімі мамандарымен кездесіп, жұмыстардың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Реновацияға енгізілген үш мектептің қатарында Шәуілдір елді мекеніндегі Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясы, Ақтөбе ауылындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы мектеп және Жаңа Шілік ауылындағы М.Шаханов атындағы мектеп бар. Бұл білім ошақтарының барлығы 1970–1980 жылдары салынған, бүгінде мыңдаған оқушы білім алып жатыр.
Құрылыс жұмыстары маусым айында басталған. Тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланған жөндеу республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Жұмысты «OIMAG QURYLYS», «НТ ГРУП» және «NDS GROUP» компаниялары жүргізуде.
Облыс әкімінің орынбасары жұмыс барысына сын көзбен қарап, құрылыс қарқынына көңілі толмайтынын жеткізді. Мердігерлерге қосымша жұмыс күшін тарту, сапаны арттыру және белгіленген мерзімді қатаң сақтау тапсырылды. Құрылыс кешіктірілсе, тиісті санкциялар мен айыппұлдар қарастырылмақ. Себебі жаңа оқу жылында оқушылар сапалы әрі қауіпсіз мектепке баруы тиіс.
Білім нысандарының жағдайы – болашақтың негізі. Сондықтан жөндеу барысына күнделікті бақылау жүргізіліп, кез келген кемшілік дер кезінде түзетілмек.





