ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕКТЕ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТҚАН МЕКТЕПТЕР ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылына дайындық аясында Бәйдібек ауданындағы бірқатар мектептерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысы тексерілді. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бастаған жұмыс тобы мектептерді аралап, құрылыс сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударды.

Биыл аудан бойынша бес мектеп жаңғырту тізіміне енгізілген. Олардың қатарында:

  • С.Ерубаев атындағы мектеп (Боралдай ауылы, 1983 ж. салынған, 960 орын) – ағымдағы жөндеу жүріп жатыр;
  • Ақтас мектебі (Борлысай ауылы, 200 орын) – күрделі жөндеу, келер жылға өтпелі;
  • Л.Өтешов мектебі (Жарықбас ауылы, 176 орын) – күрделі жөндеу;
  • Қайнар мектебі (Мыңбұлақ ауылы, 310 орын) – күрделі жөндеу;
  • Шаян мектеп-лицейі (660 орын) – ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Жұмыс сапары барысында мердігерлердің жұмысшылар санын жеткіліксіз тартқаны, жұмыс қарқыны баяу екені айтылды. Құрылысшылар санын 30-дан 70-ке дейін көбейту қажеттігі ескертілді. Облыс әкімінің орынбасары мердігерлерге:

«Сапасыз құрылыс пен кешігуді кешірмейміз. Балалардың болашағына салғырт қарағандар заңмен жауап береді», – деп нақты талап қойды.

Айта кетейік, С.Ерубаев пен Шаян мектептері маңында заманауи жабық футбол алаңшалары салынған. Біреуі толық дайын, оқушыларды спортқа баулуға қолайлы жағдай жасалмақ.

Сонымен қатар делегация «Тау шыңы» демалыс аймағына барып, модульді лагерлердегі балалардың тынығу жағдайымен танысты. Қазір мұнда 330-дан астам оқушы демалып жатыр.

Түркістан облысында білім беру нысандарына мониторинг пен бақылау шаралары тұрақты жалғасатын болады.