Қырғызстанда тауда қалып қойған ресейлік альпинисттың қаза болғаны расталды

Қырғызстанның альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Эдуард Кубатов ресейлік альпинист Наталья Наговицына қаза тапқанын растады, деп хабарлайды Pressa24.kz.

2 қыркүйекте «Оңтүстік Энилчек» базалық лагерінен дронның көмегімен екі мәрте шолу жүргізілді, алайда Наталья Наговицынадан тіршілік белгісі анықталған жоқ. Осыған байланысты барлық құтқару операциясы ресми түрде тоқтатылды.

Сондай-ақ ол Жеңіс шыңының тарихында 7200 метр биіктікте сәтті құтқару операциясы тіркелмегенін атап өтті. Барлық бейнематериал енді альпинистің ұлына табысталмақ.

Еске салайық, ресейлік альпинист Наталья Наговицына сынған  аяғымен 7 мың метрден астам биіктікте қалып қойды. 23 тамызда Қырғызстан құтқарушылары ауа райының нашарлауына байланысты альпинисті іздестіру операциясын тоқтатқан еді.