ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАРДЫҢ САЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысының Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бастамасымен өңірдегі жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуымен жиын өтті. Оған Мемлекеттік кірістер департаменті мен Табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері қатысты.
Басқарма басшысының м.а. Қанат Шонбасов кейбір компаниялардың салық төлемей отырғанын, сондай-ақ басқа өңірлерде тіркеліп, бюджетке түсім азайтып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты кәсіпорындарды облыс аумағында тіркеу қажеттігі көтерілді.
Мемлекеттік кірістер департаменті салықтық міндеттемелер мен есепті уақытылы тапсыру тәртібін түсіндіріп, төлем жасалмаған жағдайда айыппұл қолданылатынын ескертті.
Ал табиғат қорғау прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев заң талаптарын түсіндіріп, кәсіпорындарға кеңес беруге дайын екенін жеткізді.
Жиын қорытындысында барлық недропайдаланушыларға бір ай ішінде салық төлемдерін өтеу міндеттелді. Келесі айда мәселе қайта қаралатыны хабарланды.
Негізгі мақсат – жергілікті бюджет кірісін арттыру, жер қойнауын тиімді пайдалану және өңір экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету.





