Түркістан: Сарыағашта 5 МВт шағын электр станциясының құрылысы басталды

 

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында қуаттылығы 5 мегаватт болатын жаңа электр станциясының құрылысы қолға алынды. Жоба Қабланбек ауылдық округінде жүзеге асырылуда. Инициатива «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне тиесілі.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі басталып, нысанға апаратын жол мен көпір салынуда. Сонымен қатар жобаны жүзеге асыруға қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр.

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын тексерді. Ол станцияның сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуі қатаң бақылауда болатынын атап өтті. Әкім кооператив өкілдерімен кездесіп, алдағы жоспарды талқылады.

Аталған жоба іске қосылған соң, өңірдегі электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге қосымша мүмкіндік туады.

Авторы: Бердалы Ораз