Түркістанда қысқы маусымға дайындық күшейтілді

 

Түркістан қаласында жылыту жүйесіне қатысты дайындық жұмыстары толық аяқталуға жақын. Қала аумағында 18 қазандық бар, оның 12-сі тұрғындарды жыл бойы орталықтандырылған ыстық сумен қамтып отыр.

Қазіргі таңда 1 және 2-ші шағын аудандардағы 75 көпқабатты үй қысқы маусымға әзір. Сондай-ақ 97 әлеуметтік мекемеде қажетті дайындық жүргізілген.

Қала толығымен табиғи газға қосылған. 45 мыңнан астам абонент жүйеге тіркелген, олардың ішінде 77 мектеп пен 141 балабақша үздіксіз газбен қамтамасыз етіледі. Жыл басынан бері мамандар 31 мыңға жуық абонентті тексеріп, 8 мыңнан астам жағдайда кемшілік анықтаған. Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында 120 үйге газ анықтағыш құрылғы орнатылды.

Жергілікті биліктің мәліметінше, барлық жылу нысандарының жағдайы күнделікті бақылауда тұр. Түркістан қаласы алдағы қысқа толық дайын деп сендірілді.

Авторы: Бердалы Ораз