Түркістанда дін өкілдері арасында спорттық жарыс өтті

Түркістан қаласында 18 қазан – Рухани келісім күніне орай дін қызметкерлерінің қатысуымен спорттық спартакиада басталды.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, жарысқа шыққан командаларға сәттілік тіледі. Оның айтуынша, спорт пен рухани келісім – қоғамды біріктіретін құндылықтар.
– Бұл дода тек спорт емес, бірлік пен достықтың белгісі. Спорт адамды шынықтырып қана қоймай, әділдік пен табандылыққа баулиды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та спорт саласын дамытуға мемлекет айрықша көңіл бөлетінін атап өткен. Сондықтан халықты бұқаралық спортқа тарту – елдің маңызды стратегиялық бағыттарының бірі, – деді Ертай Алтаев.
Жарыс аясында қатысушылар шағын футбол, арқан тартыс, қол күрес және кір тасын көтеру секілді спорт түрлері бойынша бақ сынауда. Спорттық додаға өңірдегі діни конфессия өкілдері мен дін саласында қызмет ететін мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен құралған сегіз команда қатысып жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – конфессияаралық достықты күшейту, бейбітшілік пен татулықты дәріптеу, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау.
Жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен бағалы сыйлықтар табысталмақ.
Авторы: Бердалы Ораз





