ТҮРКІСТАНДА ЖАБЫҚ ЖӘНЕ «SMART» АЯЛДАМАЛАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

 

Түркістан қаласында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында қоғамдық көлік инфрақұрылымы жүйелі түрде жаңартылуда. Соның ішінде, заман талабына сай аялдамалар орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала әкімдігінің “Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі” мемлекеттік мекемесінің басшысы Ұлан Жамбылұлының мәліметінше, бүгінде шаһар аумағында барлығы 610 аялдама бар. Оның ішінде 55-і – жабық аялдамалар. Бұл нысандар тұрғындардың ыңғайлылығы үшін салынып, әсіресе жаздың аптап ыстығы мен қыстың аязды күндерінде жолаушыларды ауа райының қолайсыздығынан қорғауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Түркістанда жаңа үлгідегі 4 «Smart» аялдама жұмыс істеп тұр. Олар заманауи құрылғылармен жабдықталып, бейнебақылау камерасымен, тегін Wi-Fi желісімен қамтамасыз етілген. Ақпараттық LED-экрандар арқылы қоғамдық көліктердің қозғалысы жайлы деректерді білуге болады. Мұндай аялдамалар “Аққу” ықшамауданында, Медициналық колледж маңында, Саттарханов даңғылы мен 11-көшеде орналасқан.

Қала әкімдігі алдағы уақытта да аялдамаларды кезең-кезеңімен жаңартып, тұрғындарға барынша ыңғайлы жағдай жасауды жоспарлап отыр. Әсіресе, смарт үлгідегі аялдамалардың санын арттыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл бастама қоғамдық көлік жүйесінің тиімділігін көтеріп қана қоймай, Түркістанды заманауи, тұрғындары үшін қолайлы қалаға айналдыруға ықпал етпек.