Қазығұртта балалар қауіпсіздігі басты назарда

Қоғамның болашағы саналатын балалардың амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы мақсатта Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов Қазығұрт ауданына іссапармен келіп, «Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы аясында кеңейтілген жиын өткізді.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Мұхамедғали Әшірбаев, аудан прокуроры Руслан Абдраимов, ауыл әкімдері, мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары, колледж басшылары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Жиында балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, түнгі уақытта ата-анасыз жүруге жол бермеу, ойынхана мен қоғамдық орындардағы тәртіпті қадағалау мәселелері қаралды. Сондай-ақ әлімжеттік, зорлық-зомбылық, ерте жүктілік пен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу шаралары талқыланды.
Дәулет Тлемисов балалардың бақытты әрі қауіпсіз ортада өсуі – мемлекет пен қоғамның басты назарында екенін атап өтті.
– Әр бала өз отбасында ғана емес, мектепте де өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Бұл – ата-аналар мен ұстаздардың жауапкершілігін талап ететін аса маңызды міндет. Тәртіп пен түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілгенде ғана біз жастарды теріс жолдан сақтай аламыз, – деді ол.
Кеңес барысында ұстаздар мен мамандар ұсыныстарын білдіріп, бала тәрбиесіне салғырт қарайтын ата-аналармен жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар мектеп директорлары мен психологтарға, ювеналды полиция инспекторларына профилактикалық шараларды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Бекітілген міндеттердің орындалуы бір айдан кейін қайта қаралып, нәтижелері сарапталатын болады.
Автор: Бердалы Ораз





