ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА «АУЫЛДАҒЫ БІР КҮНІМ» РЕАЛИТИ-ШОУ САЙЫСЫ ӨТТІ

Қазығұрт ауданында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттауға арналған «Ауылдағы бір күнім» атты аудандық реалити-шоу сайысы ұйымдастырылды. Шара аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен өтті.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысушыларды құттықтап, ауыл өмірінің тәрбиелік мәніне тоқталды.
– «Ауыл – тәрбие бесігі». Шын мәнінде, ауыл – қазақтың алтын тамыры, дәстүрі мен құндылықтарының қайнар көзі. Бұл сайыс арқылы жастарымызға сол рухты сезіндіруді, ата-бабамыздан жеткен ұлттық мұраны дәріптеуді мақсат еттік, – деді ол.
Сайысқа 13 ауылдық округтен жас қатысушылар қатысып, бірнеше командаға бөлінді. Ер жігіттер садақ ату, асық ату, қазақ күресі, мас-рестлинг, алыптар сайысы және арқан тарту секілді ұлттық ойындарда бақ сынады. Қыз-келіншектер арасында нан жабу, қамыр жаю, кеспе кесу, жент жасау және ұлттық тағам әзірлеу бойынша сайыстар өтті.
Жарыс барысында ауыл өмірінің сән-салты көрсетіліп, ұлттық ойындар мен тағам дәстүрлері кеңінен насихатталды. Қазылар алқасы үздік командаларды анықтап, оларды дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.





