Түркістанда туберкулезге қарсы қызметтің 100 жылдығына арналған халықаралық конференция басталды

Түркістанда туберкулезге қарсы қызметтің 100 жылдығына арналған «Туберкулезге қарсы күрестегі жаһандық және өңірлік үрдістер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Екі күнге жалғасатын шараға елімізден және шетелден медицина мамандары, сала ардагерлері мен денсаулық сақтау өкілдері қатысуда.
Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, медицина қызметкерлерін мерейтоймен құттықтады.
– Ғасырлық тарихы бар бұл орталық – халқымыздың денсаулығын қорғауда аянбай еңбек еткен дәрігерлердің табанды еңбегінің нәтижесі. Туберкулезбен күресте өңір мамандары айтарлықтай жетістікке жетті. 100 жыл – бұл тек тарих емес, тәжірибе мен тағылым, – деді ол.
Қазіргі таңда Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығы облыс пен Шымкент қаласының тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде. Мұнда 250 төсек-орындық тәуліктік стационар, пульмонология және оңалту бөлімдері бар. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мекемеде электрокардиограф, спирограф, биохимиялық анализатор сынды құрылғылар орнатылған. Сонымен қатар орталық Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының клиникалық базасы болып саналады. Жыл сайын мұнда мыңнан астам студент дәріс алып, тәжірибеден өтеді.
Конференция аясында қазақстандық және шетелдік жетекші фтизиатрлар баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісуде. Жалпы іс-шараға мыңнан аса қатысушы жиналды.





