Түркістанда білім сапасын арттыруға қатысты ұсыныстар талқыланды

Түркістан облысында білім беру саласын жетілдіру, ұстаздардың біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес мектептердің материалдық базасын нығайту, оқу сапасын көтеру негізгі басымдық болып отыр. Жауапты басқарма осы бағытта тұрақты ізденіп, жаңа әдістерді енгізуге күш салуда.

Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «EdCrunch Academy» білім беру институтының негізін қалаушы Нұрлан Қиясовпен кездесті. Басқосуда білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, нақты ұсыныстар ортаға салынды. Атап айтқанда, өңірде арнайы жоба жүзеге асырылып, 50 мектептің директоры мен олардың орынбасарлары оқудан өтеді. Мұғалімдерге де жаңа оқыту әдістерін меңгерту көзделген. Сонымен бірге мектеп басшылары Еуропаның бірқатар елдерінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

Ертай Алтаев бұл ұсыныстардың назарға алынатынын және жан-жақты зерделенетінін атап өтті. Қос тарап алдағы уақытта аталған бастамаларды кеңірек талқылап, жүзеге асыру тетіктерін қарастыруға уағдаласты.

Айта кетейік, өңірде 83 мыңнан астам ұстаз жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде. Мемлекет басшысының «1000 көшбасшы» жобасы аясында Түркістан облысынан 600-ге жуық педагог іріктеліп, оның 46-сы басшылық қызметке тағайындалды. Ал «Daryn Teacher» халықаралық жобасы арқылы 25 ұстаз Малайзия, Сингапур, Финляндия және Эстония елдерінде тағылымдамадан өтті. Осындай ізденістердің нәтижесінде облыстың 152 түлегі шетелдің беделді жоғары оқу орындарынан білім алуға мүмкіндік иеленді.