ҚАЗЫҒҰРТ: «АУЫЛДАҒЫ БІР КҮНІМ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ РЕАЛИТИ-ШОУ ӨТТІ

Қазығұрт ауданында жастар арасында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттауға арналған «Ауылдағы бір күнім» атты облыстық реалити-шоу сайысы өтті. Шара аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткізілді.
Іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, жастарға сәттілік тілеп, ауыл өмірінің тәрбиелік мәнін атап өтті.
— «Ауыл – қазақтың алтын тамыры, дәстүр мен құндылықтың қайнар көзі. Бұл сайыс арқылы жастарға ұлттық мұраның мәнін жеткізіп, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруды көздедік», — деді әкім.
Сайысқа 13 ауылдық округтен келген жас қатысушылар бірнеше командаға бөлініп бақ сынады. Ер жігіттер садақ ату, асық ату, қазақ күресі, мас-рестлинг, арқан тарту және «алыптар сайысы» бойынша жарысса, қыз-келіншектер қамыр жаю, нан жабу, кеспе кесу, жент жасау секілді ұлттық тағам түрлерін әзірлеуден сайысқа түсті.
Жарыс барысында ауыл тіршілігінің болмысы кеңінен көрсетіліп, көрермендер қазақтың ұлттық ойындары мен ас дайындау дәстүріне қанықты. Қазылар шешімімен үздік деп танылған командалар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Бірінші орын – Тұрбат ауылы округі
Екінші орын – Қарабау ауылы округі
Үшінші орын – Қазығұрт ауылы округі
Ұлттық құндылықтарды дәріптеген сайыс жастарға тың серпін берді.





