ҚАЗЫҒҰРТ: СУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРУДА

Қазығұрт ауданында халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл – аудан тұрғындарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей ықпал ететін маңызды мәселе.
Бүгінгі таңда Қазығұрттағы 61 елді мекеннің 60-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл – ауданның инфрақұрылым саласында қол жеткізген үлкен жетістігі. Дегенмен, кейбір ауылдарда ауыз су тәулік бойы үздіксіз берілмей, белгілі уақыт кестесімен ғана жеткізіліп отыр. Мұның себебі – қолданыстағы су жүйесінің ескіруі және жаңа ұңғымалардың жетіспеушілігі.
Осы мәселені түбегейлі шешу үшін қазіргі таңда ауданда бірқатар жобалар қолға алынған. Жаңа ұңғымалар қазылып, ескі құбырлар жаңартылуда. Сондай-ақ заманауи сорғы станциялары орнатылып, су қысымын арттыруға бағытталған қосымша техникалар әкелінуде. Бұл жұмыстар аяқталған соң, тұрғындар тәулік бойы үздіксіз таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Аудан әкімдігі мен жауапты мекемелер аталған жобаларды ерекше бақылауда ұстап отыр. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта Қазығұрт ауданындағы барлық ауылдық округтер толығымен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекет басшысының «Халықтың тұрмыс сапасын арттыру – басты міндет» деген тапсырмасына сәйкес жүргізілуде.
Қорыта айтқанда, Қазығұрттағы су жүйесін жаңарту – тұрғындардың әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізетін, өңірдің дамуына серпін беретін ауқымды жоба болып табылады.





