ОТЫРАРДА «ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» КОНЦЕПЦИЯСЫ АЯСЫНДА МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Бүгін Отырар ауданына іссапармен келген Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов аудан орталығында мектеп директорлары мен білім беру ұйымдарының психолог мамандарымен кездесу өткізді.
Жиынға Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, аудан прокуроры Бақытхан Булеулиев, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері және сала мамандары қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы – «Қауіпсіз балалық шақ» концепциясы аясында балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз орта қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту болды.
Облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу және мектептер мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын нығайту қажеттігіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар балалардың құқықтық сауаттылығын арттырудың және қауіпсіз білім беру ортасын құрудың маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында қатысушыларға нақты тапсырмалар беріліп, мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыру бойынша бірлескен жұмыстардың жалғасатыны айтылды. Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов өңірде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру жұмыстары үшін Түркістан облысы прокурорының орынбасарына аудан халқының атынан алғыс білдірді.
Бұл кездесудің басты нәтижесі – балалардың құқықтарын қорғау мен олардың амандығын қамтамасыз ету бағытында барлық мекемелердің күш біріктіріп, жүйелі жұмыс жүргізуге уағдаласуы болды.





