ОТЫРАР АУДАНЫ «ОЙЛАН ТАП» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ОЙЫНЫНДА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

2025 жылғы 14 қазанда Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығы мен «18 қазан – Рухани келісім күніне» орай Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Ойлан тап» атты интеллектуалды сайыс өтті.
Шараның басты мақсаты – қатысушылардың білімге деген құштарлығын арттыру, рухани келісім мен өзара сыйластық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ терең ойлайтын, отансүйгіш, мәдениетті әрі азаматтық жауапкершілігі жоғары тұлға тәрбиелеу.
Интеллектуалды жарысқа облыстың барлық аудан, қалаларынан ішкі саясат бөлімдерінің мамандары, «Руханият» орталықтарының өкілдері, жастар ресурстық орталықтарында қызмет ететін теологтар, дін қызметкерлері және медресе-колледж ұстаздары қатысты.
Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Ол: «Интеллектуалды сайыс қатысушылардың зияткерлік әлеуетін арттырып, шығармашылық ойлау қабілетін дамытады. Сонымен бірге жаңа серіктестік пен достық байланыстардың орнауына ықпал етеді. Мұндай шаралар өңірдегі рухани тұрақтылықты және дінаралық татулықты нығайтуда маңызды рөл атқарады» – деді.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Қойылған сұрақтар Қазақстан мен Түркістан облысының тарихын, әдебиет пен ұлттық дәстүрлерді, дін саласындағы заңнамаларды және спорт тақырыптарын қамтыды. Қатысушылардың білімін профессор, теология ғылымдарының докторы Д.Кенжетай, дін қызметкері А.Оспанов және облыстық дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы бастаған әділқазылар алқасы бағалады.
Тартысты додада Отырар ауданының құрамасы жеңімпаз атанып, 500 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. ІІ орынды Сайрам ауданы мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ командалары (250 мың теңгеден) бөлісті. Ал үздік үштікті Ордабасы мен Төлеби аудандарының құрамалары (150 мың теңгеден) түйіндеді.
Сонымен қатар, барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталды. Ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен ерекшеленген Жетісай, Сарыағаш, Созақ аудандары мен «Балаби қари» құран жаттау орталығы көрермен көзайымы атанып, қаржылай сыйлықтарға қол жеткізді.
Бұл шара облыс жастары арасында рухани құндылықтарды нығайтып, білім мен мәдениетті насихаттайтын маңызды алаңға айналды.





