ОТЫРАРДА «ҚҰҚЫҚТЫҚ ДӘРІХАНА» АКЦИЯСЫ ӨТУДЕ

Отырар ауданында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқықтық дәріхана» акциясы бастау алды. Шара «Заң және тәртіп» жобасы аясында ұйымдастырылып, аудандық прокуратура, әкімдік, құқық қорғау және денсаулық сақтау саласы мамандарының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен өтті.

Акция аудандық «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету» орталығында өтті. Негізгі мақсат – тұрғындарға қолжетімді, жедел әрі сапалы заң көмегін көрсету, туындаған құқықтық мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал ету. Мамандар қарапайым әрі түсінікті тілде кеңестер беріп, азаматтардың өтініштеріне жауап берді.

Жоспар бойынша «Құқықтық дәріхана» қазан айының әр сәрсенбісінде сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін жалғасады. Келесі қабылдау 22 қазанда Арыс ауылындағы аудандық Мансап орталығы ғимаратында өтсе, 29 қазанда Шәуілдір ауылындағы Отбасын қолдау орталығы КММ-де ұйымдастырылмақ.

Айта кетейік, акция аясында көрсетілетін қызметтердің барлығы тегін, алдын ала жазылуды қажет етпейді. Тұрғындарға құқықтық көмек ыңғайлы жағдайда көрсетіліп, олардың сұрақтарына сала мамандары толыққанды жауап береді.

Жергілікті билік пен прокуратура өкілдері барлық аудан тұрғындарын осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырып отыр.