КӘСІПКЕР ТУҒАН АУЫЛЫНА ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ СЫЙЛАДЫ

 

Балтакөл ауылының 60 жылдық мерейтойы ерекше қуанышқа ұласты. Ауылдың тумасы, белгілі кәсіпкер Балтабай Асанов туған жеріне тарту ретінде жаңа жедел жәрдем көлігін сыйға берді.

Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқан Байдуалиев қатысып, ауыл игілігі үшін жасалған игі іс үшін кәсіпкерге алғыстарын жеткізді.

Ауыл халқы үшін аса маңызды бұл тарту жергілікті тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырады. Шара барысында сөз алған ел ағалары ауылын ұмытпай, оның өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматқа ризашылықтарын білдіріп, еңбегіне сәттілік тіледі.

Жаңа көлік Балтакөл жұрты үшін денсаулық сақтау саласындағы маңызды қолдау болмақ. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, әлеуметтік игілікті арттыруға жол ашады.