ОТЫРАРДА «AQ-DALA» МАҚТА ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

 

Түркістан облысы, Отырар ауданында 7 қазан – Дүниежүзілік мақта күніне арналған «AQ-DALA» атты ауқымды фестиваль өтті. Шараның мақсаты – өңірдегі мақта шаруашылығының тарихын дәріптеп, жетістіктерін көрсету, жаңа технологияларды насихаттау және еңбек адамдарына құрмет білдіру.

Фестиваль аясында егіс алқабына экскурсия ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі мен жаңа агротехнологиялардың таныстырылымы өтті. Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров диқандарды құттықтап, үздік еңбеккерлерді марапаттады.

Әкім өз сөзінде мақтаның аймақ үшін стратегиялық өнім екенін атап өтіп:
«Мақта – мыңдаған отбасының табысын қамтамасыз етіп отырған берекелі дақыл. Бүгін біз тек шикізат өндірумен шектелмей, дайын өнімге көшу жолында нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. “Turan” арнайы экономикалық аймағында толық циклды тоқыма кластерінің құрылысы жүріп жатыр. Жақын арада өңіріміздің өнімдері әлемдік нарыққа “Made in Turkestan” брендімен шығатын болады», – деді.

Аймақта қазір бес тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Жылдық қуаттылығы 193 мың тонна мақтаны өңдеуге жететін бұл жобалар 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашпақ. Отырар мен Арыс аудандарында 32 мың гектарға су үнемдеу технологиясы негізінде мақта егілді. Бұл әдіс арқылы өнімділік 2-3 есеге артады. Бұрынғыдай әр гектардан 25 центнер алу орнына жаңа тәсіл 60 центнерден астам өнім беруге мүмкіндік береді.

Мемлекет шығынның 80%-ына дейін субсидия ұсынып отыр. Нәтижесінде, биыл жоспарланған 27 мың гектар орнына 59 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізіліп, 150 млн текше метрден астам су үнемделді.

«Turan» экономикалық аймағында жіп иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу цехтарын қамтитын 8 фабриканың құрылысы жүріп жатыр. Оның алғашқысы – жіп иіру фабрикасы қараша айында іске қосылмақ. Кәсіпорын жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 млн метр мата, 7 млн төсек жабдығын өндіруді жоспарлап отыр.

Биыл өңір диқандары 144,5 мың гектарға мақта егіп, шамамен 470 мың тонна өнім алуы күтілуде. Облыста 25 мақта зауыты мен 175 қабылдау бекеті жұмыс істейді.

Фестиваль соңында ауыл еңбеккерлері марапатталып, мереке концерттік бағдарламаға ұласты.