ОТЫРАРДА «AQ-DALA» МАҚТА ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ

Түркістан облысының Отырар ауданында 7 қазан – Дүниежүзілік мақта күніне орай «AQ-DALA» атты ауқымды мақташылар фестивалі ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – өңірдегі мақта шаруашылығының тарихын дәріптеу, жаңа технологияларды таныстыру және ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету.
Фестиваль барысында егіс алқабына экскурсия, ауыл шаруашылығы техникасының көрмесі, жаңа агротехнологиялардың таныстырылымы өтті. Салтанатты жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров диқандарды мерекемен құттықтап, үздік еңбеккерлерге мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табыстады.
Әкім өз сөзінде:
«Мақта – өңіріміздің басты дақылы, мыңдаған отбасының табыс көзі. Бүгінде біз шикізатты қайта өңдеу арқылы дайын өнім өндіруді көздеп отырмыз. “Turan” арнайы экономикалық аймағында тоқыма өндірісінің толық циклін қамтитын ірі жобалар жүзеге асуда. Бұл – ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтерудің нақты қадамы», – деді.
Айта кетейік, облыста 5 тоқыма кластері құрылуда. Олардың жалпы қуаттылығы жылына 193 мың тонна мақтаны өңдеуге жетеді және 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа технологиялар негізінде Отырар мен Арыс аумақтарында 32 мың гектар жерге мақта егілді. Су үнемдеу әдістерінің арқасында өнімділік 2-3 есеге артпақ.
Биыл өңір шаруалары 144,5 мың гектарға мақта егіп, шамамен 470 мың тонна шитті мақта жинайды деп күтілуде. Қазіргі таңда Түркістан облысында 25 мақта зауыты мен 175 қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр.
Фестиваль соңында еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті.





