ОТЫРАРДАҒЫ ШАЛҒАЙ АУЫЛ КЕҢ ЖОЛАҚТЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында цифрландыруды елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы негізгі құрал ретінде атап, ең алдымен цифрлық теңсіздікті жоюды, шалғайдағы елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді міндеттеген болатын.

Осы бағыттағы жұмыстар нәтижесінде Отырар ауданының Қостерек ауылында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында OneWeb ғарыштық байланыс жүйесі іске қосылды. Жаңа технология арқылы ауыл тұрғындары қоғамдық Wi-Fi желісіне қосылып, кең жолақты интернетке қол жеткізді.

Жүйенің мүмкіндіктерін аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен «Jusan Mobile» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша директоры Нұрбол Баураев таныстырды. Компания өкілінің айтуынша, бүгінде Түркістан облысының бірнеше шалғай ауылында дәл осындай спутниктік жүйе орнатылып, халық игілігіне берілген.

Ауыл тұрғыны Сындарқұл Арғынбай интернеттің қолжетімді болуы жастардың білім алуына, кәсіптің дамуына және күнделікті тұрмысқа зор мүмкіндік беретінін айтып, игі іске үлес қосқандарға ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, қараша айында жеке инвестор есебінен базалық байланыс станциясы іске қосылады. Бұл Қостерек тұрғындарының тұрақты әрі толыққанды байланыспен қамтылуына жол ашады.