ОТЫРАР АУДАНЫНА 90 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Отырар – қазақ өркениетінің алтын бесігі, ұлы ғұламалар мен ойшылдардың ізі қалған киелі мекен. Бұл өңірдің тарихы – халқымыздың тағдыр-талайымен біте қайнасқан асыл қазына. Биыл осынау қасиетті өлке – Отырар ауданы өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті.
Торқалы той қарсаңында аудан орталығында бірқатар тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған «Берекелі – алтын күз» жәрмеңкесі ерекше қызығушылық тудырды. Онда диқандардың үздік өнімдері, заманауи ауыл шаруашылығы техникалары, қолөнер туындылары мен ұлттық жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік жиын тарихи тұлғалар шеруімен басталып, мәдениет қайраткері Хадиша Шалабаеваның орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әнімен жалғасты. Бұл ән жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерейтойдың салтанатын арттыра түсті.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындарды құттықтап, әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосқан еңбек озаттарына марапаттар табыс етті. Өз сөзінде ол:
«Отырар – ел дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан өңір. Бүгінгі жетістіктер – халықтың табанды еңбегі мен туған жерге деген адал қызметінің жемісі. 90 жылдық мерейтой – өткенге тағзым, болашаққа сеніммен қадам басар сәт», – деді.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов мерекелік марапаттар тапсырды. Қоғам қайраткерлері мен ардагерлер – Орынбай Рахманбердиев, Қуаныш Айтаханов, Әбдірахман Омбаев, Жеңісбек Мәуленқұлов жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Мерейтой аясында аудандық мәдениет сарайында «Ұлы даланың жүрегі – Отырар: тарих, мәдениет және дәуір» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Ақын Серік Сейітман жүргізген конференция алдында суретші Әділхан Мәліктің көрмесі көпшілікке ұсынылды. Жиынға қатысқан ғалымдар мен өлкетанушылар Отырардың өткені мен бүгінін саралап, аймақтың рухани мұрасын талқылады. Бұл күні ауданның 90 жылдық тарихын қамтыған естелік кітаптың тұсауы кесілді.
Мерекенің шарықтау шегі – «Құт мекенім – Отырар» атты гала-концерт болды. Онда Мейрамбек Бесбаев, Ғазизхан Шекербек, Қуандық Рақым сынды өнер жұлдыздары сахна төріне шығып, көрерменге керемет әсер сыйлады. Жиналған жұрт отшашумен аяқталған думанды кештен ерекше әсер алды.
Отырар – тарихы терең, болашағы жарқын мекен. Бұл мерейтой – ұрпаққа өткенді ұлықтап, болашаққа сеніммен қадам басуға жол ашқан тағылымды шара ретінде ел есінде қалды.





