ТҮРКІСТАНДА РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІ АЯСЫНДА ДІНИ КОНФЕССИЯЛАР ӨКІЛДЕРІМЕН ЖИЫН ӨТТІ

18 қазан – Рухани келісім күніне орай Түркістан қаласында аймақтағы түрлі діни конфессия жетекшілерінің басын қосқан маңызды кездесу ұйымдастырылды. Шараға Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы төрағалық етіп, дінаралық татулық пен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мәселелеріне баса назар аударды.
Кездесуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Ержан Төлепов, Шымкент және Түркістан епархиясының өкілі Александр Могилевский, сондай-ақ православ шіркеуінің Свято-Никольский приходының жетекшісі Алексей Лазутин және өзге де діни бірлестіктердің басшылары сөз сөйлеп, пікір алмасты. Олар конфессияаралық келісімнің маңызын атап өтіп, қоғамда бейбітшілік пен өзара құрметті арттырудың жолдарына тоқталды.
Жиын барысында қатысушылар бірлік пен татулық – мемлекеттің ең басты құндылықтарының бірі екенін атап өтті. Әртүрлі дін өкілдерінің ой-пікірлері ортақ арнаға тоғысып, дінаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды.
Іс-шара соңында рухани келісім мен қоғамдағы татулыққа үлес қосып жүрген конфессия басшыларына облыс басшылығы атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, 1992 жылдың 18 қазанында Алматы қаласында өткен Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің бірінші сессиясында осы күнді қақтығыстар мен жанжалдарға жол бермеу, татулық пен өзара құрметті насихаттау, жақынға қамқорлық пен қайырымдылық көрсету күні ретінде атап өту туралы манифест қабылданған болатын. Содан бері Қазақстанда бұл мереке жыл сайын аталып өтіп келеді. Түркістан өңірінде де дәстүрлі түрде түрлі мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылып, халықты бірлік пен бейбітшілікке үндейтін жиындар өткізіліп келеді.





