ТҮРКІСТАНДА ҚҰТҚАРУШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай Түркістан қаласында Құтқарушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ардагерлер, сала қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері қатысты.
Өз сөзінде Ертай Кенжебекұлы құтқарушылардың ел қауіпсіздігі жолындағы еңбегін ерекше атап өтіп, Мемлекет басшысының «Егемендіктің қадір-қасиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығында» деген сөзіне тоқталды. Оның айтуынша, бейбіт күннің батырлары саналатын төтенше жағдайлар қызметкерлері қай кезде де тәуекелге барып, өзгелердің өмірін құтқаруға дайын тұрады. Бұл – олардың адалдығы мен ерлігінің айқын дәлелі.
Соңғы жылдары өңірде құтқарушылардың жұмыс жағдайын жақсарту бағытында нақты істер атқарылды. Түркістан облысының құрылған кезінен бері 4,5 миллиард теңгеге 36 жаңа техника алынып, қызмет сапасы арта түсті. Сондай-ақ Сауран және Төлеби аудандарында жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын екі заманауи өрт сөндіру бөлімі салынып, пайдалануға берілді. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған сенім мен қолдаудың нақты көрінісі.
Қазіргі таңда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде 1600-ден астам маман жұмыс істейді. Олар тәулік бойы кезекшілікте болып, табиғи және техногендік сипаттағы апаттардың алдын алуға, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және адам өмірін сақтап қалуға бағытталған ауқымды міндеттерді атқарып келеді.
Мерекелік шара барысында борышына адал, кәсібіне берілген бірқатар қызметкерлер мен сала ардагерлеріне ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың және облыстық департаменттің алғыс хаттары, төсбелгілері табысталды.
Жиын соңында өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып, құтқарушылар қауымына көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.





