ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Түлкібас ауданының Мәдениет үйінде жұмыссыз азаматтарды қолдау мақсатында кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараны аудандық «Мансап орталығы» ұйымдастырды.

Жәрмеңке өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету, тұрғындарды еңбекке тарту және жастарды қолдау бағытында маңызды алаңға айналды. Әсіресе аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, жұмыссыз жүрген жастарға ерекше назар аударылып, олардың түрлі салада еңбек етуіне мүмкіндік қарастырылды.

Іс-шараға мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындар белсене қатысып, бос орындар туралы ақпаратпен бөлісті. Жәрмеңке барысында еңбекке ниетті азаматтар жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

Сонымен қатар, мемлекеттен қолдау шараларын пайдаланып, қайтарымсыз грант иеленген және жеке кәсібін ашып, табысқа жеткен аудан тұрғындары өз өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды. Олардың ұсынған тауарлары көтерме бағамен саудаланып, шараға келген жұртшылыққа кәсіпкерліктің нақты жемісін көрсетуге мүмкіндік берді.

Маңызды басқосуға аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев арнайы қатысып, жәрмеңкеге қойылған өнімдермен танысты. Олар азаматтарға сәттілік тілеп, еңбекпен ел дамуына үлес қосып жүргендерді қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Жалпы жәрмеңке аясында 25 жұмыс беруші 100-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Бұл жергілікті тұрғындар үшін нақты еңбекке орналасу мүмкіндігі мен өз әлеуетін жүзеге асыруға жол ашты.

Айта кетейік, бүгінде Түлкібас ауданында 30 мыңнан астам жас бар, соның ішінде 900-ге жуық азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген. Мұндай жәрмеңкелер – сол жастардың әлеуетін іске асыруға және жаңа бастамаларға жол ашуға септігін тигізетін маңызды қадамдардың бірі.