ТҮРКІСТАНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

 

Түркістан қаласында «Ұлт руханияты және Жәнібеков тағылымы» атты халықаралық форум ұйымдастырылды. Шара «Ұлттық құндылықтар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының ашылуына орай өтті.

Форумның мақсаты – заманауи сын-қатерлер жағдайында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, этнографиялық мұраларды насихаттау және мемлекет қайраткері, ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің тағылымын үлгі ету болды.

Жиынға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қарақалпақстаннан келген ғалымдар, Қазақстандағы зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар, облыстық және қалалық музей мамандары, сондай-ақ педагогтар қатысты.

Ұлттық құндылықтар академиясының төрағасы, академик Әділхан Төлегенұлы Түркістанда филиалдың ашылуы ел руханияты үшін жауапты әрі маңызды қадам екенін айтып, еңбектеріне сәттілік тіледі. Ал облыстық филиал төрайымы Индира Икапова форумның білім мен тәрбиенің біртұтастығын сақтап, ұлттық мұраның дамуына серпін беретініне сенім білдірді.

Форум аясында ұлттық құндылықтарға арналған кітаптар мен қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ жаңа мүшелерге академия куәліктері табысталды.

Баяндамашылар Өзбекәлі Жәнібековтің тарихи еңбектері мен ұлттық мұраны сақтаудың өзекті мәселелерін талқылап, тың ұсыныстарын ортаға салды. Жиын ұлттық сана мен руханиятты жаңғыртуға бағытталған тәжірибе алмасу алаңына айналды.