ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралар күшейтілді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу және халықты қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 22 мың тонна азық-түлік қоры бар. Аймақта 39 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп, онда өнімдер нарықтағы бағадан 15-20% төмен саудалануда. Сонымен қатар, әр апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнімдерін делдалсыз ұсынып, бағаларды 20-30% төмен деңгейде ұстап отыр.
Әкімдік ет өндірушілерге қаржылай қолдау көрсетіп, сиыр етінің құнын 2 600 теңгеден сатуды қамтамасыз етуде. Бұл көрсеткіш республика бойынша ең төмен баға болып саналады. Жалпы, Түркістан қаласында тұз, күнбағыс майы, қант, жұмыртқа және көкөніс өнімдерінің құны елдегі ең арзан бағалардың қатарында.
Бұдан бөлек, «Береке Fest» акциясы аясында өңірдегі 14 супермаркетпен меморандум жасалып, сауда үстемесін 10%-дан асырмау талабы қойылды. Сауда орындарындағы баға үстемесін бақылау үшін жұмысшы топтар тұрақты тексеріс жүргізіп келеді.
Жергілікті билік азық-түлік бағасының қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.





