ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘДЕП КОДЕКСІН САҚТАУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау мәселесіне арналған кеңес өтті. Оған облыс әкімі аппаратының өкілдері, басқарма басшылары, аудан-қала әкімдері және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаменті қатысты.

Жиында мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқы мен қызметтік әдебі – халықтың билікке деген сенімін қалыптастыратын маңызды фактор екені атап өтілді. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ішкі тәртіп пен этика талаптарын қатаң қадағалау, тәртіптік жағдайлардың алдын алу бағытында тапсырмалар берді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Абылайхан Наурызбаев әдеп нормаларына қатысты жүргізілген талдау қорытындыларын баяндады.

Кеңес соңында мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға, әдеп нормаларын бұзушылыққа жол бермеуге және бақылауды күшейтуге бағытталған нақты міндеттер жүктелді.