ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДАҒЫ АТАҚОНЫС ЕЛДІ МЕКЕНІ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту және тұрғындарды көгілдір отынмен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданында елді мекендерді газдандыру жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Қазіргі таңда ауданға қарасты 105 елді мекеннің 91-і табиғи газбен қамтылған. Бұл жалпы халықтың 86,6 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, үш елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатса, тағы он елді мекеннің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Өткен жылы 4 елді мекенге газ берілсе, биылғы жылдың өзінде 11 ауыл көгілдір отынға қосылды. Жақында Жаңа ауыл ауылдық округінің Атақоныс елді мекеніне газ берілді.
Ашылу рәсіміне аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, депутат Мақсат Айнабеков және «QazaqGazAimaq» Жетісай филиалының басшысы Бақтыбай Акеев қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады. Газ инспекциясы өкілдері құрылғыларды қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, жаднамалар таратты.
Атақоныс тұрғындары бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген болса, енді табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Республикалық бюджеттен бөлінген 527,5 млн теңгеге тартылған газ құбырының ұзындығы – 21,9 шақырым. Қазіргі таңда ауылдағы 2709 тұрғын үшін 374 абонент қосылған.
Мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 9 елді мекен (10,5 мың тұрғын) газбен қамтылып, аудан бойынша газдандыру көрсеткіші 2027 жылға қарай толық 100 пайызға жеткізілмек.





