AMANAT: Жасанды интеллект мұғалімнің басы артық жүктемесін жеңілдетіп, білім беру саласына тың серпін беруге тиіс

Еліміздің барлық өңірінен келген 300-ден астам мектеп мұғалімі, колледждер мен ЖОО оқытушылары, студенттер, ғалымдар, білім беру саласының ардагерлері мен сарапшылар қауымы «AMANAT» партиясының «Мұғалім Talks» кейс-платформасының екінші отырысында бас қосты. Шараның басты тақырыбы – жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің рөлі мен білім беру саласындағы инновациялар болды.
Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов педагогтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы, мемлекеттегі маңызды миссиясына ерекше тоқталды. Ерлан Қошанов атап өткендей, «AMANAT» партиясының негізгі тірегі – мұғалімдер. Қазіргі таңда елімізде 600 мың мұғалім бар болса, оның 260 мыңы – партия мүшелері.
Спикер мұғалімдердің балаларға тек білім беріп қана қоймай, олардың тұлғалық қалыптасуына, патриоттық сезімін дамытуға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретуге үлес қосатынын айтты. «Біздің басты міндет – адал, білімді, әділетті азамат тәрбиелеу. Бұл процесс үйден басталып, мектепте жалғасын табады. Президент айтқандай, әр адам өзі адал болса, заңды құрметтесе ғана Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Ал ондай буынды тәрбиелеу – мұғалімдердің тарихи миссиясы. Осы миссияда партия әрдайым сіздермен бірге болады», – деді ол.
Сонымен қатар, отырыс барысында ерекше көзге түскен педагогтарға партиялық және ведомстволық наградалар табысталды. Бұл – олардың еңбекке адалдығы мен білім саласындағы жаңашылдықтарын мойындау.
Шара барысында қатысушылар жасанды интеллект пен жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізудің мүмкіндіктерін талқылады. Мамандардың пікірінше, жасанды интеллект мұғалімнің уақытын тиімді басқаруға, басы артық әкімшілік жұмыстардан арылуға және сабақ сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде оқушыға сапалы білім беруге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік туғызады.
«Мұғалім Talks» – бұл педагогтар мен сарапшылардың тәжірибе бөлісетін, білім беру саласын жаңаша қарастыруға серпін беретін платформа. Жиын нәтижесінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды мектепте қолданудың нақты қадамдары, инновациялық әдістемелер мен тәжірибелер ұсынылды.





