ҚАЗЫҒҰРТ: ШАРБҰЛАҚ АУЫЛЫНА ТАБИҒИ ГАЗ ЖҮЙЕСІ ТАРТЫЛУДА

Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов жұмыс сапарымен Шарбұлақ ауыл округінде болып, тұрғындарға аса қажет нысандардың бірі – табиғи газ құбырының құрылыс барысын бақылады. Атап айтқанда, Желтоқсан көшесіне тартылып жатқан газ желісімен танысып, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті.
Аталған жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға, экологиялық таза әрі үнемді отын көзін пайдалануға жағдай жасауға бағытталған. Бұрын-соңды тек көмір мен ағашқа тәуелді болған ауыл тұрғындары үшін газдың келуі – үлкен қолайлылық қана емес, күнделікті тұрмысқа елеулі жеңілдік әкелетін жаңалық.
Әкім Азизхан Исмаилов құрылыс алаңында мердігер компания өкілдеріне инженерлік талаптарды қатаң сақтауды және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, газдандыру – тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, ауыл халқының денсаулығы мен экологиялық жағдайына тікелей әсер ететін маңызды шара. Себебі қатты отынды тұтыну деңгейінің төмендеуі ауаның ластануын азайтады.
Жергілікті тұрғындар да көптен күткен газ құбырының тартылуын қуанышпен қабылдап отыр. Қыстың қамын жазда ойлайтын ауылдықтар үшін газдың келуі көмір тасу, күл шығару сияқты қиындықтардан арылтып, уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қазығұрт ауданында соңғы жылдары әлеуметтік нысандарды жаңғырту, ауыз су жүйелерін тарту, жол жөндеу және елді мекендерді газдандыру бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Шарбұлақтағы жоба – соның айқын дәлелі.
Жаңа инфрақұрылым пайдалануға берілгенде, Шарбұлақ ауылының тұрғындары заманауи тұрмыс игілігін сезініп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуында жаңа белеске жол ашылады.





