ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА МЕДИЦИНАЛЫҚ РЕАГЕНТ ӨНДІРЕТІН ЖАҢА ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының Қарабастау ауылында «Дарын-2030» фармацевтикалық өндірістік кәсіпорны іске қосылды. Бұл — аймақ медицина саласындағы импортты алмастыратын өнімдер шығаратын алғашқы кәсіпорындардың бірі.
Жаңа зауыт клинико-бактериологиялық зертханаларға арналған медициналық реагенттер өндіруге бағытталған. Мұнда «қоректік ортаға арналған дефибринделген қой және жылқы қаны» мен «инактивтелген жылқы сарысуы» сияқты жоғары сапалы медициналық өнімдер дайындалады. Барлық өндіріс процесі заманауи еуропалық стандарттарға сай технологиялармен жабдықталған.
Кәсіпорынның құрылтайшысы — 40 жылдан астам тәжірибесі бар фармацевт маман Гулия Джузенова. Ол жаңа өндіріс орнын ашу арқылы ел медицинасын сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету және жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын ашуды көздеген.
Ашылу салтанатында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов пен аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, кәсіпорынның өңір дамуына қосатын үлесін атап өтті.
📌 – Мемлекет басшысының индустриялық-инновациялық саясатының нақты көрінісі – осындай жобалардың жүзеге асуы. Бұл тек жаңа жұмыс орындары ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды қадам, – деді аудан әкімі.
Шара барысында қатысушылар зауыттың өндіріс желісін аралап, реагенттер дайындау процесімен танысты.
Жаңа фармацевтикалық кәсіпорынның іске қосылуы – Түркістан облысының экономикасын әртараптандыру мен медициналық салада отандық өнім үлесін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.





