ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ ЖАРЫСТАРЫ ӨТЕДІ

Республика күні мерекесіне орай Түркістан қаласында ұлттық спорт түрлерінен кең көлемді жарыс ұйымдастырылады. Мерекелік спорттық іс-шара 25 қазан күні сағат 11:00-ден 14:00-ге дейін «Мұз сарайы» спорт кешені жанындағы алаңда өтеді.
Жарыстың басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық мұрасын дәріптеу, дәстүрлі ойын түрлерін насихаттау, жастардың отансүйгіштік рухын көтеру және тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу.
Бағдарлама аясында қазақ күресі, қошқар көтеру, арқан тарту және гір тасын көтеру сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өтеді. Әрбір спорт түрінен үздік қатысушылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады.
Ұлттық спорт бәсекесіне қала тұрғындары мен қонақтары еркін қатыса алады. Бұл шара – ұлттық рухты көтеріп, ел бірлігін нығайтатын маңызды мерекелік бастама болмақ.





