ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫН САПАЛЫ ЭЛЕКТРМЕН ҚАМТУ БОЙЫНША ЖАҢА ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мен электрмен қамту сапасын арттыру мәселелері қаралды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС басшылығымен кездесіп, өңірді тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы жоспарлар мен жобаларды талқылады.
Кездесуде тозған электр желілерін жаңарту, жаңа қосалқы станциялар салу, қуаттылықты арттыру және жасанды интеллект элементтерін енгізу мәселелері сөз болды. Нұралхан Оралбайұлы бұл бағытта нақты әрі тиімді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
– Өңір халқын сапалы инфрақұрылыммен қамту – басты басымдықтардың бірі. Энергия тапшылығын жойып, стандартқа сай электрмен қамтуды толық қамтамасыз ету қажет. Аудан мен қалалардан түскен тиімді жобаларды қолдап, іске асырамыз, – деді облыс әкімі.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС директоры Айдар Махамбетов 2025–2029 жылдарға арналған іс-шара жоспарын таныстырды. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 778,9 шақырым электр желісін, 23 қосалқы станция мен 343 трансформаторды қайта жаңарту көзделген.
Бұл шаралардың нәтижесінде 2029 жылға қарай электр желілерінің тозуы 52,8%-ға дейін төмендеп, техникалық шығындар 14,8%-дан 12,5%-ға азаймақ. Сондай-ақ энергия тапшылығы бар аудандарда қосымша 230 МВт қуат пайда болады.
Кездесуде Сарыағаш ауданында қуаты 220 кВ болатын «Жібек жолы» қосалқы станциясын салу ұсынысы қаралды. Оның іске асуы нәтижесінде өңірдің оңтүстік бөлігінде қосымша 100 МВт электр қуаты қамтамасыз етіліп, Сарыағаш, Қазығұрт, Мақтаарал және Жетісай аудандарының электр тапшылығы жойылады.
Сонымен қатар Отырар, Ордабасы, Сайрам және Мақтаарал аудандарында да жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар 2026–2029 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.





