КЕЛЕС АУДАНЫНДА 2025 ЖЫЛЫ 4 ІРІ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысының Келес ауданында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Ауданда тұрғын үй, білім, мәдениет және денсаулық сақтау бағыттарында бірқатар нысандар салынып, халық игілігіне берілді. Бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Жыл басынан бері Келесте төрт әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде Абай ауылында жаңа үлгідегі спорт кешені, Біртілек ауылында 300 орындық мектеп, ал Ғ.Мұратбаев және Абай ауылдарында 600 орынға арналған заманауи мектептер оқушыларға есігін айқара ашты.

Құрылыс жұмыстары мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда Абай ауылында 2 қабатты, 8 пәтерлі 22 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Екінші қабаттың жұмыстары аяқталып, шатыр жабу кезеңі басталған. Бұл баспаналар 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Мәдениет саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Жүзімдік ауылдық округінде 149 орындық мәдениет үйі салынуда. Сонымен қатар Абай ауылында жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражайдың құрылысы қолға алынған. Бұл жобалар келесі жылы толық аяқталып, ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандыруға ықпал етпек.

Денсаулық сақтау бағытында да жаңалықтар бар. Ауданның Бесқұбыр, 1-Мамыр, Көлтоған, Игілік, Достық және Атақоныс ауылдарында жаңа медициналық пункттердің құрылысы басталды. Бұл ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық көмек сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Білім беру және спорт саласына да назар күшейді. Алты елді мекенде жаңа мектеп салу жобалары әзірленсе, төрт ауылда спорт залдары бой көтермек. Мақташы ауылында ұлттық спорт түрлеріне арналған кешен, ал Ошақты ауылында ангар типті спорт залының құрылысы осы айда басталады.

Аудан әкімдігі заңсыз құрылысқа қарсы күресті де назардан тыс қалдырмай отыр. Жыл басынан бері 9 нысан бойынша заңбұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданған.

Келес ауданындағы құрылыс қарқыны мен әлеуметтік жобалардың орындалуы өңірдің дамуына серпін беріп, халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға жол ашып отыр.