ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ МАҚСАТЫНДА ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН АШЫЛДЫ

Түркістан облысының Ордабасы ауданында тұрғындарға қолжетімді бағада азық-түлік өнімдерін ұсынуға бағытталған тағы бір әлеуметтік дүкен ашылды. Жаңа сауда нысаны аудан орталығы Темірлан елді мекенінде жұмысын бастады.
Әлеуметтік дүкендер желісін кеңейту – өңірдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мен тұрғындарды сапалы әрі арзан өніммен қамтудың тиімді тетігі саналады. Жоба шеңберінде «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен арнайы келісім жасалып, дүкенге 18 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері тұрақты жеткізілуде.
Сонымен қатар аймақтағы ірі өндірушілер — «Ордабасы құс», «Ордабасы нан», «Бөрте Милка» және «Инфрастрой ЛТД» серіктестіктері де бастамаға қолдау білдіріп, өз өнімдерін өндіруші бағасымен ұсынуда. Бұл — нарықтағы орташа бағадан шамамен 20 пайызға төмен.
Бүгінгі таңда дүкен сөрелерінде күнделікті тұтынуға қажетті негізгі азық-түлік тауарлары бар. Мәселен, 10 дана жұмыртқа – 450 теңге, 1 келі ұн – 190 теңге, күріш – 350 теңге, картоп – 130 теңге, пияз – 65 теңге, сәбіз – 110 теңге, ал 1 литр сұйық май – 610 теңгеден сатылуда. Барлық өнім отандық өндірушілерден алынған және сапа стандарттарына сай.
Жергілікті тұрғындар жаңа әлеуметтік дүкеннің ашылуы күнделікті тұрмысқа айтарлықтай жеңілдік әкелетінін атап өтті. Дүкеннің қызметі тұрақты мониторинг пен бақылауда болады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің жеке бақылауында тұр. Аймақ басшысы облыстың барлық ауданында осындай әлеуметтік дүкендердің санын арттыру арқылы баға тұрақтылығын сақтау және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту міндетін қойған.





