ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР АЗАМАТТАРҒА КЕШЕНДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛУДЕ

Түркістан облысында халықтың өмір сапасын арттыру және әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. Жиында мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен оңалту шараларының тиімділігі талқыланды.
Облыс әкімі өңірдегі әлеуметтік саясатты жетілдіру мақсатында нақты тапсырмалар беріп, әрбір жауапты басшының жұмысын қатаң бақылауға алатынын айтты.
— Мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін көмек сапалы, дер кезінде және ашық болуы керек. Әр аудан мен қала әкімдігінің, сондай-ақ салалық басқармалардың жұмысы осы бағытта күшейтілуі тиіс, — деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Әбдіқадыровтың мәліметінше, бүгінде өңірде 101 930 мүгедектігі бар азамат тіркелген. 2021 жылдан бастап бұл санаттағы тұрғындарға әлеуметтік көмек «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы көрсетіледі. Осы жүйенің енгізілуі оңалту құралдары мен қызметтерін алуды жеңілдетіп, азаматтарға жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік берді.
2025 жылдан бастап санаторийлік-курорттық емдеу, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметін алу, сондай-ақ гигиеналық тауарларға өтініштер проактивті түрде қабылдануда. Соның нәтижесінде өтініш саны өткен жылмен салыстырғанда 17,5 пайызға өсіп, 62 628-ден 75 898-ге жеткен.
2024 жылдың қорытындысы бойынша оңалту бағдарламаларының орындалу деңгейі 95 пайызды құрады. Барлығы 66 860 өтініш қанағаттандырылған. Бұл мақсаттарға 17,1 млрд теңге бағытталды. Ал биылғы жылдың үшінші тоқсанына дейін абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы аясында 75 898 өтініш қабылданып, оның 55 502-сі орындалған.
Міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге 2025 жылға арналған бюджеттен 6,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы әлеуметтік осал топтардың тұрмыс сапасын арттыруға және мемлекет қамқорлығын нақты іспен көрсетудің айғағы болып отыр.





