ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ АЗАМАТТАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан облысында тұрғындардың өтініш-шағымдарын қарау және қабылдау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы дәстүрлі қабылдау бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың жетекшілігімен өтті. Кездесу барысында өңір тұрғындары инфрақұрылым мен әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерін жеткізді.

Азаматтардың өтініштері негізінен тұрғын үй алу, жол жөндеу, ауызсу, электр және газ желілерін тарту мәселелеріне қатысты болды. Мәселен, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар Түркістан қаласының тұрғыны баспана кезегіне тұру мүмкіндігін сұрады. Тексеру барысында оның атына бұрын Қызылорда облысында үй тіркелгені анықталып, өтініш осы себепті қабылданбаған. Алайда азаматша ол үйді 2021 жылы сыйға тартқанын айтып, 2026 жылдың сәуірінен кейін кезекке тұра алатыны белгілі болды.

Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында Түркістан қаласында 2025 жылы 11 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Бұл нысандарда жалпы 944 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Биылдың өзінде 432 отбасы, оның ішінде көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы азаматтар жаңа пәтерге қол жеткізді. Алдағы уақытта пәтерлер «Отбасы банк» жүйесі арқылы кезек тәртібімен үлестіріледі.

Сондай-ақ, Қазыбек би көшесінің тұрғыны электр бағаналарын жаңарту қажеттігін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар 2026 жылға арналған жобаға енгізіліп, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Сайрам ауданының тұрғыны Көлкент пен Арыс ауылдарын жалғайтын жолдың сапасына алаңдаушылық білдірді. KXSR-4 «Қожақорған–Ханқорған–Көлкент» бағытындағы жол тозып, күрделі жөндеуді қажет етеді. 2024 жылы жөндеу жобасы дайындалып, сараптамадан өтті. Құрылысты «ATSkom.kz» ЖШС жүргізіп жатыр. Нысанды 2026 жылы толық аяқтау жоспарлануда.

Ал Сауран ауданының Қаратөбе ауылында тұратын тұрғындар жол мен ауызсу мәселесін көтерді. Қазір ауыл халқы жеке ұңғымалар арқылы суды пайдаланып отыр. Елді мекеннің ресми мәртебесі болмағандықтан, күрделі жөндеу жүргізілмеген. Дегенмен, 2024 жылы тұрғындардың өтінішімен Шайых көшесі жөндеуден өтті. Алдағы уақытта мәртебе берілген соң, ауызсу және жол құрылысына қатысты жобалар дайындалады.

Қабылдау соңында Зұлпыхар Сансызбайұлы жауапты басқарма басшыларына барлық өтінішті назарға алуды және әрбір мәселені заң аясында шешуді тапсырды. Өтініштердің орындалу барысы облыс басшылығының тұрақты бақылауында болады.