ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МОЛДАБЕКОВТЕР ОТБАСЫ — «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Республика күні мерекесі қарсаңында Астана қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Елдің түкпір-түкпірінен келген үздік отбасылар арасынан Түркістан облысының атынан қатысқан Молдабековтер әулеті жеңімпаз атанып, өңір мерейін үстем етті.
Марапаттау рәсіміне ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен берекелі әулеттерді қолдау — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты назарындағы маңызды бағыт екенін атап өтті.
Байқауда еліміздің 20 өңірінен іріктелген отбасылар бақ сынап, өздерінің еңбекқорлығы мен татулығын, ұрпақтар сабақтастығын үлгі етті. Солардың ішінде Сауран ауданынан шыққан Молдабековтер отбасы ынтымағы мен еңбегі арқылы дараланып, «Мерейлі отбасы» атағына лайық деп танылды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы — қазақстандықтардың отбасылық дәстүрін, бірлігін және елге деген сүйіспеншілігін насихаттайтын маңызды жоба. Осындай өнегелі, тату отбасылар – қоғамның берекесі мен елдің болашағының кепілі.





