ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Түркістанда 25 қазан – Республика күніне орай «Республика жастары: Болашаққа бағдар – елге қызмет» атты жастар форумы ұйымдастырылды. Шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өткізді. Форумның басты мақсаты – жастарды еңбекқорлыққа баулу, кәсіби бағыт-бағдар беру және олардың бойында отансүйгіштік рухты нығайту.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Арайлым Қайратова және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Бекежан Мырзабаев қатысты.

Форумда алғашқы болып сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, жастардың ел дамуындағы рөліне тоқталды.

«Қасиетті Түркістан төрінде елдің болашағын айқындайтын ең үлкен құндылық – жастық жігер мен ұлт рухы тоғысқан маңызды форумда бас қосып отырмыз. Мемлекеттік қызмет жүйесінде жастардың үлесі мен белсенділігі артып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, “Жастардың әлеуетін арттыру – ел дамуының басты кепілі”. Мемлекеттік қызметтегі жас мамандар – елдің стратегиялық ресурсы, оның жаңару мен дамуға деген ұмтылысының айғағы», – деді Ертай Кенжебекұлы.

Шара барысында 2025–2026 оқу жылында Департамент жанынан құрылатын «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебіне қабылданған студенттерге арнайы белгішелер табысталды.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 3457 мемлекеттік қызметші еңбек етуде, олардың қатарында жастардың үлесі жылдан жылға артып келеді. Форум жас буынның кәсіби дамуына, патриоттық сана мен мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.