ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА «НӘТИЖЕЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ» ӨТТІ

Түркістан облысында жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы бастамалар қарқын алып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Ордабасы ауданында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруді мақсат еткен «Нәтижелер жәрмеңкесі» өтті.
Іс-шара аудан орталығындағы Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, мәслихат депутаты Талғат Жанысбаев, мемлекеттік органдар мен жұмыс беруші ұйымдардың өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру арқылы аудан экономикасын дамыту. Бұл бастама «Еңбек нарығын арттырудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» мен «Жұмысшылар жылы» аясында жүзеге асырылуда.
Іс-шара барысында ауданның еңбек нарығындағы негізгі нәтижелер таныстырылды:
🔹 2025 жылы өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 7484 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған;
🔹 2024 жылдың 9 айында 7218 жаңа жұмыс орны құрылды;
🔹 1541 азамат субсидияланған жұмыс орындарына орналастырылды;
🔹 «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы шеңберінде 2030 жұмыс орны тіркелді.
Аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, еңбек нарығын дамыту мен халықты жұмыспен қамтудың елдің тұрақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Жұмыспен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының өзегі. Әрбір азаматтың еңбегі мен табысы – ауданның, облыстың және елдің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан еңбек адамын қолдау мен жаңа жұмыс орындарын ашу – біздің басты міндетіміз», – деді аудан басшысы.
Жәрмеңке барысында еңбек пен кәсіпкерлік саласында белсенділік танытқан азаматтарға алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар қатысушылар бос жұмыс орындарымен танысып, мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қолдау тетіктері жөнінде кеңес алды.





