ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ДЕМЕУШІЛЕР ЕСЕБІНЕН 4 СПОРТ АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының Түлкібас ауданында спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгін Азаттық ауылында заманауи үлгідегі кіші футбол алаңының салтанатты ашылуы өтті. Шараға аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.

Алаңның құрылысына ауыл тумалары, елге жанашыр азаматтар Шыңғысбаев Әсет Байжігітұлы мен оның інісі Ешпенбет Алмас демеушілік еткен. Олар бұл игі іске шамамен 15 миллион теңге бөлген. Жаңа спорт алаңы ауыл жастары мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына зор мүмкіндік береді.

Биыл Түлкібас ауданында барлығы 5 жаңа спорт алаңы пайдалануға берілсе, соның 4-еуі демеушілердің қаржысына салынған. Бұл – туған жердің өркендеуіне үлес қосып жүрген тұрғындардың елге деген сүйіспеншілігінің нақты көрінісі.

Алдағы уақытта Азаттық ауылындағы спорт алаңының аумағын көгалдандыру және толық абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Аудан әкімдігі мұндай бастамаларды қолдап, жастарды спортқа баулу мен салауатты өмір салтын насихаттау ісін жалғастырмақ.