КЕЛЕС АУДАНЫНДАҒЫ ҰШҚЫН АУЫЛЫНА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Түркістан облысында елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары жалғасуда. Республика күні мерекесі қарсаңында Келес ауданының Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ұшқын елді мекеніне көптен күткен «көгілдір отын» берілді. Бұл ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік оқиға болды.

Ұзындығы 9 шақырымнан асатын жаңа газ құбыры 184 үйді қамтиды. Газ беру рәсіміне аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, ауыл халқына игі тілегін білдірді. Ол тұрғындарды Республика күнімен құттықтап, өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

– Бүгінгі күні Келес ауданы бойынша елді мекендерді газбен қамту қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Газ, су және жол мәселелерін кезең-кезеңімен шешу арқылы халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік туады, – деді аудан басшысы.

Айта кетейік, Келес ауданы қайта құрылған уақыттан бері 23 ауылға табиғи газ жеткізілді. Алдағы уақытта Ошақты, Бірлік және Ұшқын ауылдық округтеріндегі тағы 12 елді мекенге газ тарту жоспарланған. Сонымен қатар инфрақұрылым толыққан елді мекендерде жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіледі.