АРЫСТА АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ӨЛШЕУ БЕКЕТТЕРІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысында жолдардың сапасын сақтау және көлік қозғалысын бақылау бағытында жаңа технологиялар енгізілуде. Соның аясында Арыс қаласында екі бірдей автоматтандырылған өлшеу бекеті іске қосылды. Бұл жүйе ауыр жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшеп, шамадан тыс жүк тиеу фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.

Жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуына ең жиі себеп – жүк көліктерінің рұқсат етілген салмақтан асыра жүк тасуы. Заң бойынша, әрбір оське 8 тоннадан артық жүк тиеуге болмайды. Алайда кей жүргізушілер 20–25 тоннаға дейін артық жүк артып, жаңадан төселген жолдарды зақымдап келеді. Осы мәселенің алдын алу үшін облыс бойынша жеті арнайы өлшеу бекетін орнату жоспарланған.

Қазіргі таңда Арыс – Темірлан және Арыс – Қабылсай бағыттарындағы жолдарда алғашқы екі бекет жұмыс істеп тұр. Олар тәулік бойы көлік қозғалысын бақылап, заңбұзушылықтарды тіркейді. Қазірдің өзінде бұл бекеттер арқылы 1820 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Жүргізушілер арасында айыппұлдар бойынша келіспеушіліктер туындауына байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы Арыс қаласына барып, жағдайды бақылауға алды. Тиісті сала мамандарымен бірлесіп зерттеу және тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Зертханалық сараптама нәтижелері қараша айының соңында жарияланбақ. Мамандардың айтуынша, автоматтандырылған өлшеу жүйелері көлік қозғалысын тәртіпке келтіріп, жол инфрақұрылымының ұзақ мерзімді сақталуына ықпал етеді.